Прямая трансляция

Астана

Астана

18°C

«Аналық мейірімімді бере алмадым»: Тамара Асар ұлын тәрбиелеудегі өкініші туралы айтты

Қазақстанның халық әртісі, әнші Тамара Асар ұлын тәрбиелеудегі ұстанымдары мен ана ретінде көңілінде қалған өкініші туралы айтты, деп хабарлайды paryz.kz.

«Аналық мейірімімді бере алмадым»: Тамара Асар ұлын тәрбиелеудегі өкініші туралы айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Өнер иесі «Хабар» арнасына берген сұхбатында бала тәрбиесінде сенім мен жауапкершіліктің маңызы зор екенін атап өтті. Әншінің айтуынша, ол ұлы Қамбардың бойына ер азаматқа тән жауапкершілікті жастайынан сіңіруге тырысқан.

«Балаға сенім білдіру өте маңызды. Кейде оған ерте сенім артып, жауапкершілікті де ерте жүктеп қоясың. Бірақ сол арқылы оны дұрыс бағытта ұстайсың. Мен де ұлыма "сен – менің тірегімсің" деген сөздерді жиі айтатынмын», – деді Тамара Асар.

Әнші ұлының тәрбиесіне әкесі мен атасының да көп үлес қосқанын айтты. Атасы Қамбарды шахмат пен спортқа баулып, оның қалыптасуына ықпал еткен. Тамара Асардың өзі де айналасындағы ер азаматтарды ұлына үлгі етуге тырысқан. 

Сонымен қатар өнер иесі ұлы жасөспірім кезінде түрлі теріс ағымдардың ықпалына тап болғанын айтты. Сол кезде ол Маңғыстаудағы белгілі бокс жаттықтырушысы Марат Шәкеевтен көмек сұраған.

«Ұлымның жат ағымдарға түсіп кетпеуі үшін Астанадан жақсы бапкер тауып беруін өтіндім. Ол кісі маған жасы 80-ге жуықтаған, орыс ұлтынан шыққан өте жақсы бапкер тауып берді. Оның Қамбарды тәрбиелеуге тигізген пайдасы өте үлкен болды», – деді әнші. 

Тамара Асар ұлын тым қатал тәрбиелегеніне де өкініш білдірді. Ол баласын жақсы көріп, қамқорлығын көрсеткенімен, оны еркелетіп өсірмегенін мойындады.

«Қатты еркелетпедім. Жалпы мен ұлды еркелетпейтінмін, мінезім қаттылау еді. Жақсы көретінімді айтамын, қамқорлығымды жасаймын, бірақ "тө-тө-тө" деген еркелікті ешқашан жасап көрмеппін. Былтыр ана баланы жоғалтып алған кезде қатты өкіндім. "Аналық мейірімімді бере алмай қалдым-ау" деп ойладым. Соны менен көре алмады-ау деп өкіндім», – деді Тамара Асар.