Актриса, тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова жалғыз өзі үй тұрғызып жатыр. Ол жаңа баспанасының құрылыс жұмыстарын әлеуметтік желіге жиі жариялап тұрады. Алайда актриса жоспарының ойындағыдай болмай жатқанына қынжылып, оқырмандарынан үй салудағы қызықты оқиғаларын бөлісуді сұрады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Todayinfo-ға сілтеп.
Аяғы ауыр болса да бұл істің басы-қасында жүрген ол аяқ астынан жөндеу жұмыстарының ойдағыдай іске аспай жатқанына көңілі түсті.
"Мынау бір ремонттың мен жоспарлаған уақытта бітпейтініне көзім жетті. Тым жақсы басталған жөндеу жұмыстарының бүгін берекесі қашып, күл-талқаны шыққаны ма? Қалайша? Қай жерден қате кетті? Нені өткізіп алдым? - деген түрлі сұрақтар туындады", - деп жазды ол.
Сондай-ақ, Әбдікәрімова оқырмандарын өздерінің жөндеу жұмыстары кезіндегі оқиғаларымен бөлісуді де сұрады. Өз хикаяларын айтқан қыз-келіншектің көбі ауыр жауапкершілікті өз мойындарына алып, ер азаматтары тарапынан жәрдемнің аз болғанын жария етіп жатыр.
«Ремонт біткенше ажырасуға дейін бардық. Жұмысшыларға ақша жетіп, ламинатқа келгенде жетпей қалды. Өзіміз пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Күйеуім болса алаңсыз қыдырып жүрді. Содан бала-шағамды алып, әлі бітпеген үйдің цементіне жаттым. Ертеңіне таң атпай миын жеп, айғайладым»,- деп жазған бір әйел.
Тағы бір келіншек «күйеуі вахтада жұмыс істегендіктен, перзентханадан шыға сала үйдің басы-қасында өзі жүріп әрі базарда жұмыс істегенін айтқан.
«Қазіргі таңда еркектер емес әйелдер қауымы іске кірісіп кетеді ғой. Мен кейде алға сүйреуден шаршап кетемін. Алғыстан гөрі сөз естіп жатады», — деді тағы бір күйеуінің енжарлығына мезі болған қазақ әйелі.
Жаңа баспанасының басында жалғыз жүрген Қайрат Нұртастың әйеліне оқырмандары қолдау білдіріп жатыр.