Прямая трансляция

Астана

Астана

25.24°C

«Босанып жатқанда сәбиім шетінеп кетті»: Майра Ілиясова мүшел жасында қандай трагедияға ұшырағанын айтып берді (ВИДЕО)

Бірнеше күн бұрын жетпіс жасқа толған Халық әртісі Майра Ілиясова журналист Динара Сәтжанға көлемді сұхбат беріп, өнері мен өмірінде ешкімге айтпағын сырларын ақтарды, деп жазады Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«Босанып жатқанда сәбиім шетінеп кетті»: Майра Ілиясова мүшел жасында қандай трагедияға ұшырағанын айтып берді (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Балалық шағындағы қиындықтарынан бастап өнердегі жеңістері мен жеңілістері туралы бүкпесіз әңгіме айтқан ол небары 3 жасында жетім қалғанын, өзін үлкен әпкесі асырап-баққанын айтып, көңілін босатты.

Яғни, оның айтуынша, 11 құрсақ көтерген анасы небары 37 жасында өмірден озған. Ол кезде үш жастағы Майра Ілиясованың қатты жүдегенін көрген үлкен әпкесі оқуынан бас тартып, оны асыраған екен.

«Қазір сіңілім екеумізге қамқор болған сол әпкемді алақынымызда ұстаймыз. Қазір 79 жаста», - дейді Майра Ілиясова. 

Динара Сәтжан Халық әртісінен «өзіңіз 37 жасқа толғанда қорыққан жоқсыз ба?» деп сұрады.

Майра Ілиясова көп адамның тағдырына қарап, ондай «мистика бар» деп топшылайтынын айтты.

«Көп адамнан «анамның жасынан өттім, әкемнің жасынан асып кеттім» деген сөздерін естимін. Соған қарағанда, ондай мистика бар сияқты. Бірақ, шынымды айтсам мені ондай ойлар мазаламапты. Мен 37 жасымда ауырған жоқпын, аяғымнан жүре алмай қалған жоқпын. Қазір жетпістемін», - дейді Ілиясова. 

Алайда, Динара Сәтжан әншінің өміріндегі ауыр сынақтың бірі дәл осы 37 жасында болғанын есіне салды.

«Бірақ, менің білуімше, Сіз сол 37 жасыңызда сәбиіңізден айырылып қалдыңыз ғой, иә?» дейді Сәтжан. «Иә, мен екінші баламды тоғыз ай бойы аман-есен көтеріп жүрдім. Босанып жатқанда дәрігерлердің қателігінен балам шетінеп кетті. Менің басым айналып кетіп, дәрігерлер сұйықтық жалғарда мені құлатып алыпты. Қазақ «мүшел жаста бір қатер болады немесе қатты қуаныш болады» дейді екен ғой. Міне, менің басымнан осындай жағдай өтті. Қазір жалғыз қызым – Тоғжаным бар», - дейді Халық әртісі.