Әнші Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы әйелі Айжан Қырықбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, жеке өміріне қатысты тараған қауесеттерге жауап берді. Ол бұрынғы әнші күйеуімен арадағы қарым-қатынасы әлдеқашан аяқталғанын айтып, өзін әншінің қазіргі отбасымен байланыстыра бермеуді сұрады, деп хабарлайды paryz.kz.
Айжан Қырықбайдың айтуынша, ол осы уақытқа дейін жеке өміріне қатысты мәселелерді көпшілік талқысына салғысы келмеген. Сондай-ақ ешкімнің алдында ақталып, өз шешімін түсіндіруді қажет деп санамаған.
Алайда соңғы уақытта әлеуметтік желіде түрлі видеолардың таралуына байланысты «Айжан тұмшаланып кетіпті» деген секілді әңгімелер мен негізсіз болжамдар көбейген. Осыған байланысты ол үнсіздігін бұзып, өз ұстанымын жариялауға мәжбүр болған.
«Бұрынғы жұбайым екеуміз ажырасып кеткенімізге біраз уақыт болды. Сондықтан мені ол кісімен байланыстырып, әйелдерінің қатарына қоспауларыңызды сұраймын! Сондай-ақ, «төрт баласымен тастап кетті» деген сөздерді жазбауларыңызды өтінемін. Кету – менің өз шешімім! Және бұл шешіміме өкінбеймін», – деп жазды Айжан.
Сонымен қатар ол Рүстем Жүгінісовпен бірге түсірілген видеолардағы әйелдің өзі емес екенін ескертті. Сондай-ақ әншінің қанша әйелі бар екені туралы сұрақ қоймауды өтінді.
«Шынымды айтсам, осы әңгімеден шаршадым. Сондықтан осы тақырыпты біржола жабайықшы! Рүстем мен Айжан деген жұп енді жоқ!» – деп жазды ол.
Айжан Қырықбай бұл оқиғадан бері бірнеше жыл өткенін атап өтті. Оның сөзінше, бұрынғы қарым-қатынасы – артта қалған өмірінің бір кезеңі. Сондықтан өткенді қайта қозғап, түрлі болжамдар мен әңгімелерге себеп болудың қажеті жоқ.