Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«Талай қайғының жасын көрдім»: Үш баласынан айырылған әке 56 жасында қызды болды

Маңғыстау облысында 56 жастағы Ермұхан Төребайұлы қайтадан әке атанды. Оның 51 жастағы жұбайы Күмісай Палекеева ЭКО арқылы қыз босанды. Көпбалалы отбасындағы қайғылы жағдайдан кейін қайтадан сәби сүйген ер адам қуанышын жасыра алмады, деп хабарлайды paryz.kz.

«Талай қайғының жасын көрдім»: Үш баласынан айырылған әке 56 жасында қызды болды
Фото: видиодан скриншот

Ермұханның айтуынша, нәрестенің дүниеге келгенін естіген сәтте бір сағаттай өз-өзіне келе алмай, бұл хабарға бірден сене алмаған. 

«Әрине, жылаймын, қазір де жылайын деп тұрмын. Қуаныштың жасы бұл. Атын Ария деп қойдым, ерекше болсын деп. Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Осы жасқа келіп, басқалар немере сүйіп жатса, мен әке атанып отырмын. Талай қайғының жасын көрдім мен. Менің көргенімді басқа адамдардың басына салмасын. Бірінші естіген кезде өзім шок болып қалдым. Бір сағаттай есімді жия алмай жүрдім. Сол хабарды естігенде ғана сендім. Оған дейін сенбедім. Менен бақытты адам болмаған шығар сол кезде», – дейді сәбидің әкесі. 

Ермұхан мен Күмісай бұған дейін үш баланы тәрбиелеп өсірген. Алайда былтыр Мұнайлы ауданына қарасты «Қаламқас» тұрғын алабында болған қайғылы оқиға салдарынан олар үш перзентінен айырылған. Қаза тапқандар – 1995 жылы туған үлкен қызы, 2009 жылы туған ұлы және 2012 жылы туған кіші қызы.

Осы ауыр жағдайдан кейін ерлі-зайыпты қайтадан ата-ана болуды шешкен. Биыл қыркүйек айында олар 13 жастағы ұл баланы асырап алған.

Ал 17 қарашада Күмісай Палекеева облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында қыз босанды. Сәбидің салмағы 3400 грамм, бойы 52 сантиметр болған. Нәрестеге Ария есімін әкесі таңдаған.