Алматы облыстық соты Жақсыген Нұрсұлтанға қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымды қарады. Сот алқасы қорғау тарапының шағымын қанағаттандырусыз қалдырып, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы адвокат Мұхаммад Алиосман әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.
Адвокаттың жазуынша, апелляциялық сот істі қарауды аяқтап, түпкілікті шешім қабылдаған. Мұхаммад Алиосман сотта Фариза Сабырәлиеваның мүддесін қорғаған. Ол қабылданған шешімді заңды әрі әділ деп санайтынын жеткізді.
«Сабырәлиева Фаризаның мүддесін қорғаушы адвокат ретінде қабылданған сот шешімін заңды, әділ әрі негізді деп есептеймін», – деп жазды ол.
Сонымен қатар адвокат қылмыстық істі тергеу барысында кәсібилік танытқан Қарасай ауданы полициясы мен Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Сондай-ақ заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалау жүргізген Қарасай ауданы және Алматы облысының прокуратурасын атап өтті.
Мұхаммад Алиосман журналист Руслан Өтепбайға да алғысын айтып, оның істің әділ шешілуіне қосқан үлесін ерекше атап өткен.