Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«Бір жүйе бар екен»: Алматыда қаза тапқан студенттің анасы жатақханадағы сұмдықты айтты

Қазақ ұлттық университетінде көз жұмған студенттің денесі Түркістан облысында жер қойнына тапсырылды. 17 жастағы баланың жақындары кінәлілердің тиісті жаза алуын талап етеді, деп хабарлайды paryz.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

«Бір жүйе бар екен»: Алматыда қаза тапқан студенттің анасы жатақханадағы сұмдықты айтты
Фото: видиодан скриншот

Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, Алматыға арман қуып кетіп, табытпен оралған студенттің туыстары мен жақындары марқұмды Төле би ауданында ақтық сапарға шығарып салды. Марқұм студенттің анасы ұлының өмірінің соңғы сәттері қалай болғанын айтты.

"Бірінші – қасындағы баланы ұрған. Одан кейін менің баламды ұрған. Қасындағы бала құламаған кезде, менің баламның жүрегінен ұрған. Жүрегінен ұрған кезде балам сол жерде гүрс етіп құлаған. Сосын қасындағы балаға олар аяғын көтертіп қойған. Ол бала кеше аудандық ішкі істер бөлімінде жылап, бәрін айтып берді", - дейді марқұмның анасы.

Ақтық сапарға шығарып салуға Қазақ ұлттық университетінің өкілдері де келген. Бірақ факультет деканы қандай да бір ақпарат беруден бас тартып, кешірім сұрауға келгенін ғана жеткізді.

Ал қайғыдан қан жұтқан студенттің жақындары кінәлілер тиісті жазасын алмаса, әлі талай жастың өмірі қыршыннан қиыла ма деп күйінеді.

"Ол жерде бір жүйе бар екен, 2-курс студенттерін әкімшілік әр жатақханаға арнайы қойып қойған екен. Бұлар сол жерді "ұстайды" екен. Ал олар балаларға әлімжеттік жасайды, ақша жинайды екен. Қос қолмен амандасу керек екен, "сіз" деп сөйлеу керек деп, әлімжеттік жасайды екен. Оның бәрін балам бір күн бұрын, сіңлімнің қыздары тамаққа шақырған, сол жерде айтқан екен. Мына жүйе деген бәле екен", - дейді студенттің анасы.

Екі жарым ай бұрын оқуға кеткен студентінен қапыда айырылған жақындары әлімжеттік көрсеткендер жазадан құтылып кете ме деп қорқып отыр. Сондықтан істі Бас прокуратура назарға алса дейді.