Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«Үйіміздің табалдырығын аттап баспады»: марқұм Асқар Забикулиннің жесірі өрттен құтқарылған адамдарға өкпесін айтты

Асқар Забикулиннің жары әлеуметтік желіде марқұм күйеуін еске алып, жүрегін ауыртқан жайтты бөлісті. Ол өрт кезінде күйеуі құтқарып қалған адамдардың осы төрт жыл ішінде отбасымен хабарласпағанын айтып, өкпесін жеткізді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Үйіміздің табалдырығын аттап баспады»: марқұм Асқар Забикулиннің жесірі өрттен құтқарылған адамдарға өкпесін айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 16 қарашада Астанадағы Бауыржан Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайында орналасқан «Қаһарман» тұрғын үй кешенінің 11-қабатындағы пәтерден өрт шыққан болатын.

Сол кезде құтқару жұмыстарына қатысқан азаматтық қорғау капитаны Асқар Забикулин үш адамның өмірін аман алып қалды. Алайда оның денесінің 80 пайызын күйік шалып, төрт күннен кейін, 20 қарашада ауруханада көз жұмды.

Марқұмның қазасына төрт жыл толуына орай жары Әнел Забикулина әлеуметтік желіде жазба жариялап, қыздарының өсіп келе жатқанын, әр жетістігінде әкелерін іздейтінін айтты.

Жазбаға желі қолданушылары да пікір қалдырған. Олардың бірі Асқар Забикулин құтқарып қалған отбасының өрт сөндірушінің отбасына көмектесіп тұратынын сұрады.

Әнел Забикулина бұл сұраққа жауап беріп, төрт жыл ішінде күйеуі құтқарған адамдардың ешқайсысы отбасымен байланысқа шықпағанын жеткізді. 

«Осы төрт жылда менің күйеуім құтқарып қалған ешбір адам үйіміздің табалдырығын аттап баспады. Мен олардың түрін көрген емеспін. Ал менің жарым солар үшін жанын берді», – деп жазды ол.