Бас прокуратура Жамбыл облысында Қордай ауданы Қаракемер ауылында оқушылар арасындағы бопсалау және үш кәмелетке толмағанды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқталғанын хабарлады.
"Тергеу барысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында өзіндік иерархиясы, мінез-құлық және бағыну қағидалары, сондай-ақ жазалау тәртібі бар "Система" деп аталатын бейресми құрылым әрекет еткені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Жиналған дәлелдемелердің жиынтығы бопсалау әрекеттері мен үш кәмелетке толмағанның қазасы арасында себеп-салдарлық байланыстың бар екенін көрсетеді. Нәтижесінде екі күдіктіге "Қорқытып алу" және "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" баптары бойынша айып тағылып, екеуі де күзетпен қамауға алынды.
Тағы бес күдіктінің әрекеттері ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2), 3)-тармақтары бойынша сараланып, оларға өзге бұлтартпау шаралары қолданылды. Қазіргі уақытта аталған бейресми құрылымның қызметі тоқтатылды.
Сонымен қатар прокурорлар құзыретті органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынулар енгізді. Қазіргі уақытта олар қаралып жатыр.