Прямая трансляция

Астана

Астана

20.78°C

Астанада 6 жастағы бала 13-қабаттан құлап көз жұмды

Астанада 6 жастағы баланың көпқабатты үйдің 13-қабатынан құлап қаза табуына байланысты полиция ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті, деп хабарлайды Paryz.kz.

Астанада 6 жастағы бала 13-қабаттан құлап көз жұмды
Фото: istockphoto

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Н. Тілендиев даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Алдын ала дерекке сәйкес, бала бөлмеде қараусыз қалып, балкон терезесі арқылы сыртқа құлаған. Оқиға кезінде ересектер ас үйде болған. Бала алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Қалалық полицияның дерегінше, жыл басынан бері елордада балалардың терезеден құлауына қатысты 7 дерек тіркелген, оның 2-і өліммен аяқталған. Құқық қорғау органдары мұндай оқиғалардың негізгі себебі ересектердің салғырттығы мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы екенін атап өтті.

Осыған байланысты полиция ата-аналарға терезелерді ашық қалдырмауға, москит торына сенбеуге, қорғаныс құралдарын орнатуға, жиһазды терезе маңынан алыстатуға және балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес берді. Полиция өкілдері балалардың қауіпсіздігі ең алдымен үлкендердің жауапкершілігі екенін еске салды.