Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде қайғылы жағдай тіркелді. Семей қаласының 18 жастағы тұрғыны пышақ жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды paryz.kz.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға жұмадан сенбіге қараған түні елордалық түнгі клубтардың бірінде болған. Қақтығыс барысында жас жігіт ауыр жарақат алып, оқиға орнында жан тапсырған.
Оқиғадан кейін клуб аумағына полиция қызметкерлері жедел түрде тартылып, қауіпсіздік мақсатында келушілер эвакуацияланған.
Қазір қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр, тергеу амалдары басталды. Қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Әлеуметтік желі қолданушылары мен қала тұрғындары 2Gis платформасында аталған түнгі клубтың жұмысына наразылық білдіріп, мекемені жабуды талап етіп жатыр.
Пікірлерде қауіпсіздік шараларының сақталмағаны және мұндай орындарға бақылауды күшейту қажеттігі жиі айтылуда. Құзырлы органдар аталған дерек бойынша ресми түсініктеме беруге уәде етті.