Прямой эфир
Астана
25.77°C
Семейде бес жасар ұлымды балабақша тәрбиешісі қинады деген ата-ана, оның тиісті жазаға тартылуын талап етті, деп хабарлайды Paryz.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.
"Түскі уақытта баламды ұйықтатып жатқан кезде болған оқиға. Басқа видео да бар. Баламды жұлқылап әкеліп отырғызған. Балам мына жерін ашып қарайды. Ауырып кеткен ғой. Тіпті балаға қарамайды да. Ол кісі үнемі баламды жұлқылап жүрген ғой. Мынау көрген видеоларым. Ал көрмеген видеоларым қаншама?!", - дейді баланың анасы Арай Асқарқызы.
Оқиға мемлекеттік балабақшалардың бірінде болған. Тәрбиешінің әлі тілі дұрыс шықпаған балаға жасаған әрекеті түсірілген видео желіде тарады.
Оның бірінде 38 жастағы әйел ұлдың үстіне көрпе жауып, қос қолымен басып жатқан сәтін көруге болады. Бақылау камерасынан алынған жазба өзге ата-аналардың да ашуын келірді. Енді олар тәрбиешіні қызметінен аластатуды талап етіп отыр. Ал шу шыққан балабақша басшылығы маманның он жыл тәжірибесі бар дейді. Дегенмен бұл оқиғадан кейін бала күтімі бойынша демалысқа кеткенін айтады. Сонымен қатар полиция тарапынан тергеу жүргізіліп жатқанын да жеткізді.
"Тергеу жүріп жатыр. Ал тәрбиеші жұмыстан шеттетілген. Ол декрет демалысында. Төрт баласы бар. Ал балабақшадағы бақылау камералары тексеріліп отырады. Бұғанға дейін балаларды жұлқылаған әрекеттерін көрмедік", - дейді бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлнар Жұмағалиева.