Прямой эфир
Астана
25.77°C
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында Түркістан облысының Жетісай ауданында 12 адамның өмірін қиған тілсіз жау туралы ақпарат берді, деп хабарлайды .
Қайғылы оқиға кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған. Екі қабатты жер үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара құлаған.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Өрт сағат 07.22-де жойылды. Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимациясында. Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталуда. Алдын ала қылмыстық құрам жоқ. «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі)», - деді Бозымбаев.
Бозымбаев премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен кеше Үкіметтік комиссияның отырысын өткізген.
«Жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар бердім», - деді вице-премьер.