Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында өрт шыққан кезде патрульдік полиция инспекторлары Әсет Абдуакитов пен Нұрболат Нұрғабыл оттың ортасынан үш баланы аман алып шықты, деп хабарлайды paryz.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Патруль кезекшілігінде жүрген полицейлер пәтер терезесінен шыққан жалынды байқап, еш кідірместен көмекке ұмтылған.
Далаға жүгіріп шыққан тұрғын пәтер ішінде кәмелетке толмаған үш баланың қалғанын айтқан. Бірінші баланы тәртіп сақшылары төсектің астынан тауып, қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.
Кейін жалын күшейіп, ішке өту мүмкін болмай қалған соң, олар терезенің торын жұлып алып, қалған екі баланы сыртқа шығарған.
Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына жетіп, тілсіз жауды толық ауыздықтады. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.