Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отырған ер адам қайтыс болды. Оқиғаға қатысты ҚР ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бұл туралы ақпарат журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланды. Оның айтуынша, қайтыс болған адам – мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Дастан Слямқұлов. Деректерге сәйкес, бұрынғы судья 2024 жылдың қазан айында пара алу және алаяқтық күдігімен қамауға алынған.
«Ақпарат көзіне сенсек, түскі ас уақытынан кейін Слямқұловқа әкесі келген. Сотты кездесуге алып бара жатқан кезде ол өзін жайсыз сезінген. Қызметкерлер алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Алдын ала болжам бойынша, жүрегі тоқтап қалған», – деп жазды Козачков.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі де алдын ала себебі жүректің жіті жетіспеушілігі болғанын хабарлады.
«Тергеу изоляторында қамаудағы азамат аяқ астынан көз жұмды. Алдын ала себеп – жүректің жіті жетіспеушілігі. Қайтыс болған сәт бейнебақылау камерасына тіркелген», – делінген ресми хабарламада.