Павлодар облысының Баянауыл жеріндегі Жасыбай демалыс аймағында Hyundai Tucson маркалы автокөлік жотадан аударылып кетті, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода көліктің төмен қарай сырғып, бірнеше рет аударылып кеткені көрінеді. Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді:
«16 шілде күні Баянауыл ауылының Жасыбай демалыс аймағында бұралаң жолмен төмен түсу кезінде Hyundai Tucson автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, еңіске қарай аударылып кетті. Жол апаты салдарынан 5 адам зардап шекті (2 адам сол жерде ауруханаға жеткізілді, 3 адам кейіннен медициналық көмекке жүгінді)», – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Azattyq Rýhy агенттігіне түсініктеме берді.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан түрлі жарақат алған 5 адам Баянауыл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Оларға жұмсақ тіндердің көгеруі, сызаттар, омыртқа және кеуде тұсының жабық жарақаттары, сондай-ақ сүйек сынуы күдігі бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілді», – деп мәлімдеді.