Қазақстандық актер Санұржан Сүлеймен АҚШ-та, Лос-Анджелес маңында болған жол апатынан кейін отқа оранған көліктен жүргізушіні аман алып шығып, үлкен ерлік көрсетті, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Оқиғаға куә болған актриса Айдана Сахаридің айтуынша, көлік жардан құлап, отқа оранған. Сол сәтте Санұржан Сүлеймен еш ойланбастан оқиға орнына жүгіріп барып, көліктегі адамды сыртқа алып шыққан. Қазақ жігіті өзі де үлкен қауіпке бетпе-бет келгенімен, жүргізушіні аман алып қалды. Айдана Сахари оқиға орнында болған алғашқы сәттерді еске ала отырып, әріптесінің батыл әрекетін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, жедел жәрдем қызметі келем дегенше Санұржан жаралы жүргізушінің жанында болып, қолдау көрсеткен.
«Кейбір желі қолданушылары бұл видео шынайы емес деп жазып жатыр. Мен бәрін көзіммен көрдім. Санұржан нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Ол ештеңеден тайсалмай, отқа қарай ұмтылды», – деді куәгер Айдана Сахари.
Санұржан Сүлейменнің өзі де парақшасында жазба қалдырды.
«Есте қалар күн болды. Бәрі жақсы. Жарақат алған жоқпын. Өмірімізге жауапкершілік ала біліп, бір-бірімізге қамқор болайықшы», – деп жазды актер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.