Ішкі істер министрлігі сопылық бағыттағы зікіршілер жамағатының жетекшісі Исматулла Мақсұмға қатысты тараған ақпарат бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұған дейін интернетте оның жасөспірімдерге жыныстық сипатта қысым көрсеткені туралы айыптаулар жарияланған, деп хабарлайды paryz.kz sadaq.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, қазіргі уақытта жарияланымдарда айтылған деректер мен оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
«Оның аясында барлық мән-жайлар тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп хабарлады ведомство.
Бұл оқиға журналист Жанар Байсемізге сұхбат берген Ақылбек Жұмабековтің мәлімдемесінен кейін қоғам назарын аударды. Ол сопылық жамағат ішінде жасөспірімдерге қатысты осындай жағдайлар болғанын айтқан. Бұған дейін белсенді Абзал Достияровқа сұхбат берген бірқатар адам да осыған ұқсас жайттарды баяндаған.
«Сол жерде (сопылық жамағат арасында) жүргендердің бәрі де бұның шындық екенін біледі. Бірақ ешкім айта алмайды», – деген Ақылбек Жұмабеков журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында.
Исматулла Мақсұмның бұрынғы шәкірттері оның бойында ерекше қасиет бар деп сенгендіктен, бастапқыда айтылған айыптауларға күмәнмен қарағандарын жеткізген. Олардың сөзінше, діни жетекшінің қасында күн сайын бір баладан түнеген. Сондай-ақ бұрынғы шәкірттердің бірі кейін психикалық дертке шалдыққанын мәлімдеген.
Бұрынғы шәкірттердің айтуынша, Исматулла Мақсұм балаларды болған жайтты өзгелерге айтса, түрмеге қамататынын айтып қорқытқан. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған тұлғалардың ұйымға қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жарияланған мәліметтерді тексеріп, істің мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі әзірге жарияланған жоқ. Айтылған айыптаулардың негізділігі тергеу қорытындысы бойынша анықталуға тиіс.