Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Сопылық: Діни ағым ба, әлде рухани бағыт па?»

Соңғы жылдары қоғамда рухани құндылықтарға бетбұрыс артып келеді. Көпшілік адам ішкі тыныштықты, мағыналы өмір сүруді, жан мен жүрек үндестігін іздей бастады, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Сопылық: Діни ағым ба, әлде рухани бағыт па?»
Фото: muftuyat.kz

Осы тұста жиі айтылатын ұғымдардың бірі – сопылық. Алайда бұл сөз кейде әркімге әрқалай әсер ететіні рас: біреулер оны терең руханиятпен байланыстырады, енді бірі сақтықпен қарайды. Ендеше, сопылық дегеніміз не? Оның діндегі, мәдениеттегі және қоғамдағы орны қандай?

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының сайтында жарияланған «Сопылық жолды ұстану шарт па?» атты мақалада көрсетілгендей, Тасаууф немесе сопылық термині тілдік тұрғыдан бірнеше мағынаны білдіреді:

1) «Сууф» – жүн дегенді білдіреді. Яғни Исламның алғашқы кезеңінде кейбір тақуа мұсылман Алланың мейіріміне бөлену үшін дүниеден алшақтап, үстеріне жүннен тоқылған киім киген.

2) «Суффа» – «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіндегі кедей мұсылмандардың тұратын орны» дегенді білдіреді, яғни сопылық жолды ұстанушы «суффа иелері» және оларға ілесушілер.

3) «Софаа» – «таза» дегенді білдіреді. Яғни күнә жасаудан бойын аулақ ұстап, рухани тазалыққа дағдыландырады.

4) «Софф» – «сапталу» дегенді білдіреді. Яғни олар ынта-ықыласымен әрі құлшылықтарымен өзгелерге қарағанда алғашқы саптан табылатын еді.

Сопылық – исламның жүректегі ілімі

Сопылық – адам мен Жаратқан арасындағы шынайы байланысты, жүрек тазалығын, тақуалықты және кемел адам болуға ұмтылысты дәріптейді. Сопылықты ұстанушылар Алланы тануды тек сыртқы құлшылықпен емес, жүрекпен сезіну, жан арқылы ұғыну деп түсінеді. Яғни, шариғат – адамның сыртқы тәртібі болса, сопылық – оның ішкі жан дүниесін тәртіпке келтіру жолы. Қазақ хандығы тұсында махфи зікірге негізделген Баһауддин Нақышбанд ілімі кеңінен таралды. Осы ілімнің ықпалымен қазақ даласында «Жүрегің Аллада, қолың істе болсын» деген ұстанымды ту еткен ишандар мектебі қалыптасты. Бұл кезеңде Ясауи жолы мен Нақышбанд жолы тұтастанып, қазақ руханиятының ажырамас бөлігіне айналды. Екі рухани бағыт бір-бірін жатсынған жоқ, қайта қазақ халқының рухани тұтастығының негізі болды. Баһауддин Нақышбандтың жолын ұстанғандар Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауидің басына зиярат етуді дәстүрге айналдырды.

Сонымен қатар Ибраһим ата, Исмайыл ата, Жылаған ата, Ұзын ата, Үкаша ата сынды әулиелер де олардың дұғаларынан тыс қалмады. Олар Бұхарадағы Баһауддин Нақышбанд кесенесіне барып, әулиенің жатқан жерін «Бұхар Шәріп» деп құрметпен еске алды.

Осылайша Қазақ хандығы тұсында екі рухани жолдың түбегейлі тұтастығы орнықты. Бұхара, Самарқан, Хиуадағы медреселерден білім алған шәкірттер қазақ даласына оралып, ислам ілімін насихаттай бастады. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бой көрсеткен «кітаби ақындар» мен «Сыр сүлейлерінің» дені сол жақтан рухани тәлім алғандар болатын. Сол дәуірде қазақ топырағынан шыққан Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Қалжан ахун сынды діни-ағартушылар да осы рухани мектептің өкілдері еді. Олар сопылықтың сырлы әлемін өлең сөзбен өрнектеп, халыққа насихат етті. Шынайы жүректен шыққан бұл үгіт-насихат қалың бұқараның жүрегінен терең орын алды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті үлгілері саналатын қисса-дастандар мен жыр-толғаулардың барлығында дерлік сопылық жолдың өзегі сақталды. Сопылық ілім осылайша қазақ руханиятының ажырамас бөлшегіне айналды.

Бүгінгі қоғам және сопылыққа сұраныс

Бүгінде Қазақстанда сопылыққа деген қызығушылық артып келеді. Адамдар дәстүрлі руханиятқа, ішкі жан тыныштығына деген ұмтылысы байқалады. Бұл тұрғыда сопылық – радикалды ағымдарға балама ретінде ұсынылып жатыр. Себебі сопылық зорлық-зомбылыққа, саяси қақтығыстарға шақырмайды. Ол – жеке кемелдікке ұмтылу мен адамзатқа қызмет ету жолы.

Сонымен қатар, сопылыққа бет бұрған жастар мен топтар арасында дәстүрлі ислам шеңберінен тыс кету қаупі де жоқ емес. Сол себепті дін мамандары мен теологтар сопылықты қазақтың дәстүрлі діни-рухани түсінігімен ұштастыра отырып насихаттауды ұсынады.

Сопылық ілімі мынадай құндылықтарды дәріптейді:

Мейірімділік – әр жан иесіне мейіріммен қарау;

төзімділік – сынаққа сабырмен жауап беру;

жүрек тазалығы – риясыздық, ниет тазалығы;

кемелдену – өзін-өзі тану мен жетілдіру;

ұстаз бен шәкірт қатынасы – адам рухани дамуы үшін бағыт көрсетушіге мұқтаж;

зікір мен түнгі жалбарыну – рухани жаттығулар арқылы жүректі тазарту.

Сопылық – діни ағым ба? Ислам ішіндегі ағым ба, әлде практика ма?

Халықаралық дінтанушылар арасында бұл сұраққа қатысты ортақ, бірыңғай пікір жоқ, бірақ басым тұжырымдар мынадай: Карл Эрнст (Carl Ernst), америкалық исламтанушы: «Сопылық – ислам ішіндегі теология емес, тәжірибеге негізделген өмір салты. Ол – жүрек тәрбиесі мен рухани тереңдікке ұмтылудың мәдени-діни формасы».

Аннемари Шиммель (Annemarie Schimmel), неміс шығыстанушысы: «Сопылықты сектанттық ағым деп қабылдау қате. Бұл – исламның ішкі діні, Алламен махаббат арқылы байланыс орнатудың жолы».

Хамид Альгар (Hamid Algar), Оксфорд және Беркли университетінің ислам философиясы профессоры: «Сопылық – суннизм мен шиизм арасындағы үшінші ағым емес, бұл екі бағыттың да рухани ішкі көрінісі бола алады».

Яғни, көпшілік ғалымдар сопылықты ислам дінінің ішіндегі мистикалық-рухани бағыты деп сипаттайды, бірақ бөлек ағым емес екенін ескертеді.

Сопылық – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мәдениет, адамгершілік мектебі. Қазақ халқының тарихында бұл ілімнің терең тамыр жайғаны байқалады. Қазіргі қоғамда да сопылық ілімі, егер дұрыс түсініліп, байыппен қабылданса, рухани жаңғырудың тірегі бола алады. Алайда бұл жолда зайырлылық пен діни сауаттылық, дәстүр мен бүгінгі талаптар арасындағы тепе-теңдік сақталғаны жөн.