Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Қазақстанда азаматтық қоғам серпінді дамуда: 104 грант және 27 мың игі іс

Қазақстанда азаматтық қоғам дамуының жаңа кезеңі басталды. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту және тиімді диалог орнату бағытында бірқатар маңызды шаралар атқарылуда, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстанда азаматтық қоғам серпінді дамуда: 104 грант және 27 мың игі іс
Фото: zimamagazine.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XII Азаматтық форум қатысушыларына арнаған сөзінде азаматтық қоғамның рөлін арттыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғамдық қатынастардың өзегіне айналып, өзара сыйластық пен жауапкершілік құндылықтарын кеңінен таратуға жол ашты.

Соңғы жылдары азаматтық секторды қолдау мақсатында заңнамалық база айтарлықтай жаңартылды. «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылданып, әлеуметтік тапсырыс пен гранттар тетігі жетілдірілді. Сонымен қатар, волонтерлік, қайырымдылық және қоғамдық кеңестерге қатысты бірнеше заңдарға толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер азаматтық институттардың белсенділігін арттырып, олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік берді.

Гранттық саясаттың жаңа форматы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттырды. 2025 жылы жалпы құны 1,8 миллиард теңге болатын 104 грант іске асырылып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы конкурсына қатысушылар саны айтарлықтай көбейіп, жеңімпаздар қатары кеңейді. Әсіресе, ауылдық өңірлер мен инклюзивті бағыттағы бастамалар ерекше қолдау тапты.

Елімізде волонтерлік қозғалыс та белсенді дамып келеді. Соңғы жылдары жүздеген жоба жүзеге асып, мыңдаған жас игі істерге атсалысты. Биыл «Игі істер марафоны» аясында республика бойынша 27 мыңнан астам қайырымды іс атқарылды. Сондай-ақ, қазақстандық еріктілер халықаралық деңгейде де танылып, БҰҰ және өзге ұйымдар аясында түрлі елдерде қызмет етуде.

Осының бәрі азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Қазақстанда белсенді азаматтар мен қоғамдық ұйымдар елдің дамуына өз үлесін қосып, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге үлгі болуда.