Журналист әрі блогер Абзал Ибрашев шахматшы Бибісара Асаубаеваның жалақы мәселесіне қатысты айтқан пікіріне жауап берді, деп хабарлайды paryz.kz.
Ол спортшының мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру туралы мәлімдемесіне қатысты өз көзқарасын білдіріп, ел намысын қорғап жүрген азаматтар үшін патриоттық ұстанымның маңызы жоғары болуы тиіс екенін айтты.
Абзал Ибрашевтің сөзінше, өзі ақпарат саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқанымен, мемлекеттен қаржылай көмек сұрамаған. Ол Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, түрлі жобаларды өз қаражатына жүзеге асырып жүргенін жеткізді.
«Біз үшін патриотизм бірінші орында тұруы керек. Елді тек жақсы күндерде емес, қиын кезеңдерде де қолдау маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ блогер қоғамға танымал тұлғалардың айтқан әрбір сөзі қоғамдық пікірге әсер ететінін атап өтіп, мұндай мәселелерге байыппен қарау қажет екенін айтты.