2026 жылғы 12 қарашада Женевадағы Ұлттар сарайында Қазақстан делегациясы жасанды интеллект технологиялары қолданылатын AI-Quryltai цифрлық парламенттік платформасын таныстырды. Таныстырылым БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің «Қазақстан» залында өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Кіріспе бейнеролик көрсетіліп, құттықтау сөздер айтылуымен басталды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Құрылтайының 2027–2029 жылдарға арналған жасанды интеллект стратегиясы, e-Quryltai интеграцияланған цифрлық парламенттік платформасы және парламенттік қызметте ЖИ қолдану бағыттары таныстырылды.
Бағдарлама аясында парламенттік зерттеулер мен талдау, жасанды интеллект көмегімен заң жобаларын әзірлеу және құқықтық сараптама жүргізу, сондай-ақ ЖИ-зертхананың қызметі туралы жеке таныстырылымдар өтті.
Стратегияға сәйкес, AI-Quryltai e-Quryltai жүйесін дамытудың келесі кезеңі ретінде қарастырылады. Платформа цифрлық процестерді, парламенттік деректерді, құқықтық білім мен зияткерлік сервистерді бірыңғай қорғалған ортаға біріктіруге бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – заң шығару сапасын, қабылданатын шешімдердің негізділігін, парламенттік бақылаудың тиімділігін және қоғаммен өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыру.
Платформаның практикалық міндеттерінің бірі – жасанды интеллект құралдары арқылы депутаттардың жұмысын қолдау. Әзірленіп жатқан шешімдер парламенттік деректер мен азаматтардың өтініштерін талдауға, зерттеулер жүргізуге, талдамалық материалдар дайындауға және заң жобаларын әзірлеу процесін сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
AI-Quryltai жүйесінің негізін мемлекеттік деректер мен парламенттік жұмыс құралдарын біріктіретін тілдік модельдер және мамандандырылған ЖИ-агенттер құрайды. Шешім қабылдауды қолдау жүйесі жүйелі мәселелерді анықтап, ұсынылатын шаралардың ықтимал салдарын бағалауға көмектеседі. Ал құқықтық ядро заң нормаларының өзара байланысын талдауға және заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге бағытталған.
Жергілікті модельдер жабық режимде жұмыс істейді. Жүйе қорытындылары тексерілетін дереккөздерге, талдау әдістемелеріне және сараптамалық бағалауға сүйенеді. Мұндай тәсіл азаматтың өтінішін қараудан бастап, шешім әзірлеу мен оның орындалуын бақылауға дейінгі процесті сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
Таныстырылымда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселесіне де назар аударылды. ЖИ-зертхана шешімдерді енгізер алдында олардың дәлдігін, қауіпсіздігін және құқықтық талаптарға сәйкестігін тексеріп, бағалауды қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект көмегімен дайындалған материалдар мамандардың сараптамасынан өтеді, ал түпкілікті шешімдер үшін жауапкершілік адамдардың өзінде қалады. Ақпаратпен жұмыс істеу қолжетімділікті шектеу және киберқауіпсіздік талаптарын сақтау қағидаттарына негізделеді.
Бағдарлама қорытынды сөздермен, парламенттік инновациялар мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогпен және пікір алмасумен аяқталды.