Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

"Ахи емес, бауырым": мүфтият күнделікті өмірде қазақша сөздерді қолдануға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті өмірде араб сөздерін қолдану тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды paryz.kz.

"Ахи емес, бауырым": мүфтият күнделікті өмірде қазақша сөздерді қолдануға шақырды
Фото: ҚМДБ

Мүфтият мамандарының айтуынша, құлшылықтағы тілдің орны мен күнделікті сөз қолданысының аражігін байыппен түсіну маңызды.

Намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні мен орнын ескерген жөн.

"Ал күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану – ана тілімізге деген құрметтің көрінісі. Мәселен, "ифтар" мен "сухур" ұғымдарының тілімізде бұрыннан қалыптасқан "ауызашар", "сәресі" деген атаулары бар. Бұл сөздер халқымыздың ораза ұстау дәстүрімен біте қайнасқан. "Ауызашарға келіңіз", "сәресіге тұрайық" деген сөздер үлкенге де, кішіге де түсінікті. Осындай қалыптасқан атауларды қолдану арқылы діни дәстүрімізді де, тілдік мұрамызды да жалғастырамыз", - дейді мүфтият қызметкерлері. 

Сол сияқты "ахи", "ухти", "абла", "аби", "брат" және "сестра" деген сөздердің орнына өз тіліміздегі "бауырым", "ағам", "інім", "әпкем", "апам" мен "қарындасым" деп айтқан абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды.

Бес уақыт намаздың "таң", "бесін", "екінті", "ақшам", "құптан" деген атаулары да халқымыздың діни өмірінде әбден орныққан. Айта кетері, жақында президент те "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану мәселесіне тоқталған болатын.