Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Қазақстандықтар 59 күнде 1 102 560 кітап оқыған: «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны тарихи белесті бағындырды

Қазақстан тарихындағы алғашқы ауқымды республикалық кітап оқу марафоны «Кітап оқитын ұлт» миллион кітап белесінен асты. 59 күнде қатысушылар 1 102 560 кітап оқып, 1 102 560 пікір жазды. Бұл — күн сайын орта есеппен 18 мыңнан астам кітап, ал әрқайсысының артында оқырманның өз пікірі тұр.

Қазақстандықтар 59 күнде 1 102 560 кітап оқыған: «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны тарихи белесті бағындырды
Фото: дереккөз

Қатысушылар кітап оқып қана қоймай, әсерімен де бөліседі. Олар әлеуметтік желілерде 64 177 бейнепікір жариялады, ал кітап туралы әңгімелер олардың достарына, әріптестеріне және жазылушыларына жетіп жатыр.

Қатысушылар жалпы 260 млн ұпай жинады. Марафон әртүрлі жастағы, саналуан мамандық иелерін біріктірді. Олар: оқушылар мен студенттер, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер, интеллектуалдар мен тұтас отбасылар.

Бұрын кітап оқу әркімнің жеке ісі саналса, қазір бүкіл елдің ортақ ісіне айналып отыр. Марафон аясында 15 кітап оқу кезеңі 2027 жылғы 9 наурызға дейін жалғасады, алда әлі 117 күн бар. Оқу кезеңінен кейін қатысушыларды тестілер мен зияткерлік квиздер күтіп тұр.

Сынақтардың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде Жылдың 10 оқырманы анықталады. Марафонның кітапқа деген көзқарасты қалай өзгертіп жатқанын Абай облысының мысалынан анық көруге болады. Мұнда қатысушылар 37 504 кітап оқып, 9,46 млн ұпай жинады.

Ең белсенділер — оқушылар, педагогтар және мемлекеттік қызметшілер. Семей қаласы, Үржар және Аягөз аудандары көш бастап тұр.

«Абай атамыз білім мен кітапты адамды тәрбиелейтін ең үлкен күш деп білді. Бүгін ұлы ақынның сөзі жаңғырып тұрғанын көріп отырмыз: кітапты оқушы да, ұстаз да, мемлекеттік қызметші де қолға алды. Кітапханаларға келушілердің артуы — марафонның жай ғана көрсеткіші емес, адамдар санасындағы өзгерістің белгісі. Кітап оқитын ұлт — болашағын өзі жазатын ұлт», — деді марафонның Абай облысы бойынша жобалық офисінің жетекшісі, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мерей Қарт.