Қостанайда 86 жастағы ер адамның өліміне байланысты күдікті ұсталды. Ол – кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қайғылы оқиға 30 қазанда Қостанай қаласындағы Көбеев көшесінде болған. Тұрғын үй аулаларының бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар 86 жастағы ер адамның мәйіті табылған.
«Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын болып шықты», – деп хабарлады полициядан.
Полиция мәліметінше, 17 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде қарияның аулада орындықта отырған кезінде тамағына пышақ жарақаты салынғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда полиция бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ.