Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Құрылтай қазан айында 6 заң қабылдап, 27 депутаттық сауал жолдады

Қазан айында Құрылтай депутаттары заң шығару, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, халықаралық парламенттік ынтымақтастық және азаматтармен кері байланыс бағыттарында бірқатар жұмыс атқарды. Есепті кезеңде 6 заң қабылданып, 2 заңға Президент қол қойды. Қазіргі уақытта депутаттардың қарауында 41 заң жобасы бар, деп хабарлайды Paryz.kz.

Құрылтай қазан айында 6 заң қабылдап, 27 депутаттық сауал жолдады
Фото: Paryz.kz

Заң шығару жұмыстары аясында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бірінші оқылымда қаралды. Депутаттар әлеуметтік міндеттемелерді орындау, бизнесті және агроөнеркәсіп кешенін қолдау, өңірлерді дамыту, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау мәселелері бойынша ұсыныстар енгізді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында жаңа Азаматтық кодекстің жобасын әзірлеу басталды. Сонымен қатар жұмыс топтарында мүгедектігі бар балаларды қолдау, энергия үнемдеу және баламалы энергетиканы дамыту, онлайн-платформалар мен масс-медианы реттеу, көші-қон саясаты және «алтын виза» мәселелері талқыланып жатыр.

Кітапхана және кітап басып шығару ісіне қатысты заң жобасы Үкіметке жолданды. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, учаскелік дәрігерлердің жалақысын арттыру, мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстар мен қысымнан қорғау жөніндегі бастамалар бойынша да жұмыс жалғасуда.

Қазан айында Құрылтай отырыстарында білім мен ғылым, денсаулық сақтау, дербес деректерді қорғау, тұрғын орта сапасы және көлік салаларына қатысты 27 депутаттық сауал жолданды. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған бастамалар көтерілді.

Атап айтқанда, депутат Д. Дилдәбек жастардың есірткі қылмыстарына және дропперлікке тартылуының алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды. Ал А. Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтауға арналған «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын енгізу мәселесін көтерді.

Азаматтармен кері байланыс орнату бағытында депутаттар 20 жеке қабылдау өткізіп, оған 271 адам қатысты. 243 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, 28 өтінішке қатысты уәкілетті мемлекеттік органдарға хат жолданды. Қабылдаулар барысында жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, сот және құқық қорғау органдарында азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Халықаралық парламенттік ынтымақтастық аясында Құрылтай делегациясы Бішкекте өткен ТүркПА-ның XV пленарлық отырысына қатысып, оның қорытындысы бойынша «Бішкек декларациясы» қабылданды. Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумында да «Душанбе декларациясы» қабылданды.

Бұдан бөлек, қазақстандық депутаттар халықаралық парламенттік құрылымдардағы басшылық қызметтерге сайланды. С. Егізбаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болса, М. Қожаев ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясын басқаруға сайланды.

Заң жобаларын әзірлеуге өңірлердің қатысуын қамтамасыз ету мақсатында Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды. Сонымен қатар балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» депутаттық тобы жасақталды.

Есепті айда Құрылтайдың 5 отырысы, комитеттердің 38 отырысы, жұмыс топтарының 68 отырысы және 2 дөңгелек үстел өтті. Заң шығару жұмыстарының өзекті мәселелері бойынша 3 брифинг ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде депутаттар мен комитеттердің қызметі туралы 140-қа жуық жарияланым жарық көріп, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізілді.