Шымкентте есірткі таратты деген күдікпен жас жігіт ұсталды. Оның жалдамалы пәтерінен және қала аумағындағы жасырын орыннан жалпы салмағы 200 грамнан асатын мефедрон тәркіленді, деп хабарлайды paryz.kz
Күдіктіні қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ұстаған.
Жалдамалы пәтерді тінту кезінде құрамында мефедрон психотроптық заты бар үш орама табылған. Полиция мәліметінше, күдікті биылғы қыркүйектен бастап есірткі сататын интернет-дүкенде курьер және ораушы қызметін атқарған.
Кейін оның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері барысында қала аумағындағы жасырын орын анықталып, одан мефедрон салынған тағы бір ірі орама тәркіленген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.