Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Қызғаныштан ұрып өлтірді: Щучинскідегі жанжалдан кейін әйел көз жұмды

Ақмола облысында Щучинск қаласының тұрғынын бойжеткенді өлімші етіп сабағаны үшін сот 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды paryz.kz.

Қызғаныштан ұрып өлтірді: Щучинскідегі жанжалдан кейін әйел көз жұмды
Фото: istockphoto

Ер адам мен жәбірленуші 2024 жылдан бері бірге жұмыс істеген және жақын қарым-қатынаста болып, кездесіп жүрген. Қызғаныш салдарынан олардың арасында жанжал туындап, бірнеше рет айырылысып, кейін татуласып, қарым-қатынастарын жалғастырған.

 2026 жылдың маусым айында екеуі қарым-қатынастарын анықтау мақсатында ер адамның пәтерінде кездескен. Олар ішімдік ішіп, артынша ұрыс шыққан. Қызғаныштан туындаған жанжал барысында ер адам әйелдің беті мен денесіне жұдырықпен бірнеше рет соққы жасаған. Жәбірленуші есінен тана бастаған кезде, ер адам жедел жәрдем шақырған. Оны ауруханаға жеткізгенімен, әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі бауырдың жарылуы салдарынан болған ішкі қан кету және геморрагиялық шок болған.

Жәбірленушіден іш және кеуде қуысының жарақаттары, қан құйылу, бауырдың жарылуы, қабырғаның сынуы, соғылулар, қанталаулар мен сырылулар анықталған. Аталған жарақаттар оның денсаулығына ауыр, орташа және жеңіл дәрежедегі зиян келтірген. Сот үкімімен ер адам 10 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды.

«Жәбірленуші тараптың материалдық залал мен моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап коюы ішінара қанағаттандырылды. Сотталғаннан 12 млн.теңге мөлшерінде келтірілген моральдық зиян, жалпы сомасы 2 млн. теңге материалдық залал мен өкілдің қызметіне ақы төлеу шығындары өндірілді», - деп хабарлады Ақмола облысы Бурабай аудандық сотының баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына берген жауабында.