Прямая трансляция

Астана

Астана

12.3°C

Каспийдегі қайғылы оқиға: Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес жоғары шенді лауазымды тұлға ұсталды

Маңғыстаудағы «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамының бес жауапты тұлғасы ұсталды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Каспийдегі қайғылы оқиға: Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес жоғары шенді лауазымды тұлға ұсталды
Фото: видеодан скриншот

ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатқан тергеу барысында ұсталғандарға қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзып, ауыр зардаптарға әкеп соқтырды деген айып тағылуда.

Күдікті ретінде ұсталғандар:

  • ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы;

  • Екі әскери бөлімнің командирлері;

  • Теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі;

  • «Қайсар» катерінің командирі.

Барлық күдіктілер Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде «Қайсар» катерінен жеке құрамды теңізге түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдай салдарынан сарбаздарды теңіз ағысы алып кеткен.

Қазіргі уақытта тергеу органдары оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезіндегі шешімдердің қабылдану мән-жайларын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, гидрометеорологиялық болжамдардың ескерілуін, катердің техникалық күйін және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекеттерін жан-жақты зерделеуде.

Істің тергелу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған. Барлық айыпталушылардың әрекетіне заң жүзінде толық құқықтық баға беріледі.