Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза болу фактісі бойынша қылмыстық тергеу амалдары белсенді түрде жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Құзырлы органның хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиға орнына толық қарап-тексеру жүргізіліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды. Сонымен қатар іске қатысты маңызды құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, оқиғаның нақты себептерін анықтау мақсатында 12 арнайы сараптама тағайындалған.
Тергеу барысында өз қызметіне салғырт қарады деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалардың шеңбері анықталды. Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл тұлғалар:
Ауа райының (метеорологиялық) қолайсыз жағдайларын ескермеген;
Жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау жасамай, қажетті шараларды қабылдамаған;
Құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған, салдарынан адам өліміне әкеп соқтырған.
Бас прокуратура өкілдері тергеу қорытындысы бойынша барлық күдіктілердің әрекетіне толық құқықтық баға беріліп, заң аясында тиісті процестік шаралар қабылданатынын атап өтті.