Рухани-ағартушылық маңызы бар «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы аясындағы өңіраралық әдеби эстафета ресми түрде Жамбыл облысына келіп жетті. Жоба халықтың рухани өресін биіктетіп, кітапты серік еткен озық қоғам қалыптастыруды және ұлттық болмысты жаңғыртуды мақсат етеді., деп хабарлайды paryz.kz.
Эстафетаны Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қабылдап, оқырман қауымға көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» шығармасын оқуды ұсынды.
Өз кезегінде өңір басшысы әдеби бастаманың тізгінін Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлына табыстады.
Бұған дейін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков эстафета аясында Ли Куан Юдің «Үшінші әлемнен бірінші әлемге» кітабын ұсынған еді. Жоба аясында «Хабар» телеарнасының таңғы бағдарламасында ұсынылған кітаптар бойынша арнайы интеллектуалдық викторина ұйымдастырылып келеді. Дегенмен көрермендер тарапынан дұрыс жауап болмады.
Қатысушыларға ақпарат: Кезекті интеллектуалдық сайыс келесі жұма күні сағат 07:00 – 09:00 аралығында «Хабар» телеарнасының таңғы тікелей эфирінде өтеді. Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» туындысын оқу қажет. Кітапты мұқият оқып, викторинаға қатысқан белсенді оқырмандарға бағалы сыйлықтар табыс етіледі.