Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған баланың әкесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, деп хабарлайды paryz.kz.
Оның сөзінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Енді құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, кінәлі тараптың әрекетіне құқықтық баға береді.
Министр биыл медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң күшіне енгенін еске салды. Оның айтуынша, осы нормалар аясында елімізде 50-ге жуық қылмыстық іс тіркелген.
«Біздің негізгі жұмысымыз – халыққа сапалы қызмет көрсету. Ал бұл ата-ананың қылмыстық іске неге барғаны тергеу барысында белгілі болады. Егер дәрігердің кінәсі анықталса, оны тағы көрерміз», – деді ол.
Сонымен қатар Ақмарал Әлназарова баланың әкесі ауруханаға жатқызудан кемінде екі рет бас тартқанын мәлімдеді.
«Олар қолхат жазып, баласын алып кеткен, кейін үшінші рет әкелген. Ең алдымен бала туралы ойлау керек. Қылмыстық іс қозғалды және тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мен ата-ананы да, дәрігерлерді де ақтауға немесе қаралауға тырысып отырған жоқпын. Бәрі заң аясында болады», – деп түйіндеді министр.