Прямая трансляция

Астана

Астана

29.72°C

Әскери рәміздер – ел қорғанысының айрықша белгісі

18 шілде Қазақстанда Қарулы күштердің әскери рәміздері күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери рәміздер бекітілген тарихи оқиғаға орай белгіленген. Ал 2021 жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен кәсіби мерекелер мен атаулы күндер қатарына енгізілді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Әскери рәміздер – ел қорғанысының айрықша белгісі
Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіннің баспасөз қызметі

Әскери рәміздер мемлекет тәуелсіздігін, ел қорғанысын қамтамасыз ететін Қарулы күштердің бірлігі мен жауынгерлік дәстүрін білдіреді. Олар әскери қызметшілердің Отан алдындағы адалдығы мен жауапкершілігінің символы саналады.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери рәміздеріне Қарулы күштер түрлерінің тулары, әскери бөлімдердің Жауынгерлік тулары және Қарулы күштердің рәмізі жатады. Бұл нышандар әскери бөлімдердің тарихын, жауынгерлік жолын және кәсіби мәртебесін айқындайды.

Әскери рәміздердің бастауында қазақ халқының бай тарихи мұрасы жатыр. Ежелгі түркі дәуірінде жауынгерлік тулар мен таңбалар ел бірлігі мен ерліктің белгісі болса, Қазақ хандығы кезеңінде байрақ тәуелсіздік пен жауынгерлік ар-намыстың қасиетті нышаны ретінде құрметтелді.

a9574fb2a69197044b61afa679063171_1280x720.jpg

Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері құрылғаннан кейін ұлттық әскери рәміздер жүйесі қалыптасты. Онда тарихи дәстүрлер мен заманауи мемлекеттік құндылықтар сабақтастырылды.

Қарулы күштердің рәмізінде шұғылалы күн, қалықтаған қыран және бесжұлдыз бейнеленген. Бұл бейбітшілікке ұмтылысты, ел еркіндігін, рухтың беріктігін және Отанды қорғауға әрдайым дайын болуды білдіреді. Сонымен қатар Қарулы күштердің әрбір түрінің өзінің жауынгерлік міндеті мен ерекшелігін көрсететін жеке туы бар.

Жауынгерлік ту әскери бөлімнің абыройы мен даңқының белгісі болып саналады. Қалыптасқан дәстүр бойынша ерекше жетістікке жеткен әскери қызметшілерге Жауынгерлік тудың жанында суретке түсу құрметі көрсетіледі.

Әскери рәміздер күні ұлттық әскери дәстүрлерді дәріптеуге, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесін күшейтуге және Қазақстан Қарулы күштерінің тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған.