Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жетілдіріліп, оларды қолдануға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыруға, азаматтардың патриоттық санасын нығайтуға және ел бірлігін бекемдеуге бағытталған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің мәртебесі Конституциямен және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңмен реттеледі. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және Мемлекеттік Әнұранды пайдалану қағидаларын жаңартты.
Енгізілген өзгерістердің бірі – терминологияны біріздендіру. Енді ресми құжаттарда «Гимн» атауының орнына «Әнұран» термині қолданылады.
Сондай-ақ Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібі нақтыланды. Енді азаматтар Туды ғимараттарға, оның ішінде балкондарға да 45 градус бұрышпен орналастыра алады. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлерде Мемлекеттік Ту жерден кемінде үш метр биіктікте ілінуі тиіс. Егер ғимараттың ерекшелігіне байланысты қасбетке орнату мүмкін болмаса, оны үй аумағындағы арнайы ту тұғырына орналастыруға болады.
Жаңартылған қағидаларда Мемлекеттік Туға қойылатын талаптар да нақты көрсетілген. Ту ұлттық стандартқа сай болуы, таза әрі бүтін күйде сақталуы қажет. Өңі кеткен, жыртылған немесе бүлінген Мемлекеттік Туды пайдалануға жол берілмейді.
Сонымен бірге Мемлекеттік Туды коммерциялық мақсатта қолдануға, сондай-ақ оның бейнесін тұрмыстық бұйымдарға, төсек-орын жабдықтарына, дастарқанға, пердеге немесе өзге де күнделікті пайдаланылатын заттарға орналастыруға тыйым салынды. Бұл талап мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа өзгерістерге сәйкес Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен спорттық жабдықтарында пайдалануға рұқсат берілді. Бұл халықаралық жарыстарда Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларындағы өзгерістер Астанада өткен «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты республикалық конференция барысында да кеңінен талқыланды. Іс-шарада жаңартылған талаптарды тәжірибеде қолдану тетіктері түсіндіріліп, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мәселелері сөз болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қабылданған өзгерістер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін біріздендіруге, олардың мәртебесін нығайтуға және қоғамда патриотизм мен ұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді. Сонымен қатар 2027 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 35 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейінде бекіту жоспарланып отыр.