Прямая трансляция

Астана

Астана

25.59°C

Тоқаев Парламенттің жұмысына баға берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің соңғы бірлескен отырысында қазіргі қос палатаны Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрам деп бағалады, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаев Парламенттің жұмысына баға берді
Ақорда

Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін.

«Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер», - деді Президент. 

Тоқаевтың сөзінше, Парламент депутаттары ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрды. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар. Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік, - деп атап өтті Мемлекет басшысы бірлескен отырыста сөйлеген сөзінде. 

Президент депутаттар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шыққанын және әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еткендерін қоса кетті.

«Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.