Прямая трансляция

Астана

Астана

24.59°C

Полиция QR-кодтарды сканерлеу кезінде сақ болуға шақырды

Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда кездесетін күмәнді QR-кодтарды сканерлеу кезінде аса мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды paryz.kz.

Полиция QR-кодтарды сканерлеу кезінде сақ болуға шақырды
Фото: sputnik.kz

Ведомствоның мәліметінше, QR-кодтар күнделікті өмірде кеңінен қолданылғанымен, алаяқтар осы технологияны пайдаланып, адамдарды алдаудың жаңа тәсілдерін меңгеріп келеді.

"Көшеде, аялдамада, тұрғын үйлердің кіреберісінде немесе жарнама тақтасына орналастырылған QR-кодтарды сканерлемес бұрын олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет. Қаскөйлер түпнұсқа кодтың орнына жалған QR-код жапсырып, азаматтарды фишингтік сайттарға бағыттауы мүмкін", - деп жазылған хабарламада. 

Мұндай сайттардың негізгі мақсаты – пайдаланушылардың жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін немесе басқа да құпия ақпаратын заңсыз иемдену. Кей жағдайда азаматтар төлемді дұрыс жасағанына сенімді болғанымен, ақша алаяқтардың есепшотына түсіп жатады. 

Күмәнді QR-кодтардың негізгі белгілері: QR-код басқа жарнаманың үстіне жапсырылған; хабарландыруда ресми емес безендіру болуы мүмкін; "Сыйлық алыңыз", "Тек бүгін", "Жедел сканерлеңіз" сияқты асықтыратын мәтіндер жазылған; ұйымның атауы немесе байланыс деректері көрсетілмеген. 

Полиция азаматтарға белгісіз QR-кодтарды негізсіз сканерлеуден бас тартуды, сілтеме ашылар алдында интернет-мекенжайын мұқият тексеруді, күмәнді сайттарға жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеуді ұсынды.

Сондай-ақ белгісіз қосымшаларды орнатпауға және құрылғыға қосымша рұқсат бермеуге кеңес берді. Ал QR-код арқылы төлем жасамас бұрын оның ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізу қажет. Егер азамат күмәнді QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректерін енгізіп қойған болса, дереу банкке хабарласып, төлем картасын бұғаттау керек.