Прямая трансляция

Астана

Астана

19.33°C

«Шындықты айтқанымды мойындаймын»: Әділетхан Молдахан соттан кейін мәлімдеме жасады

Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды paryz.kz kazinform-ға сілтеме жасап.

«Шындықты айтқанымды мойындаймын»: Әділетхан Молдахан соттан кейін мәлімдеме жасады
Фото: kazinform

Оған ҚР Қылмыстық кодексi 274-бабы 2-тармағы 3-бөлігі бойынша (көрінеу жалған ақпарат тарату) айып тағылды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев және Алматы қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев танылды. Бүгін сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды.

Онда айыпталушының Ержан Ұзабаев және Серік Шумаев туралы нақты дәлелдерсіз ықпалды азаматтардың балаларына қамқоршылық танытқаны туралы бейнежазба таратқаны көрсетілген. Сондай-ақ сотта жәбірленуші Серік Шумаевтан жауап алынды. Ол ауқатты адамдардың балаларына қорған болғаны туралы ақпарат жалған екенін айтты. Сот отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Әділетхан Молдахан іс-әрекеттерінде қылмыс жасау ниеті болмағанын атап өтті.

- Менде қылмыс жасайтын ой болған жоқ. Шындықты айтқанымды мойындаймын, - деді ол. 

Алайда өткен сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істі қысқартылған тәртіпте өткізуге өтініш жасаған болатын.

Бүгінгі сот отырысында прокуратура бұл өтінішхатты қабылдамағаны хабарланды. Сондай-ақ жәбірленуші Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңге азаматтық талап-арыз қойған еді.