Перизат Қайраттан тәркіленген автокөліктер құқық қорғау органдарына берілді. Мемлекеттік қызметшілер мұндай көліктерді қандай шарттармен алатынын және бұл не үшін жасалатынын Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков түсіндірді, деп хабарлайды paryz.kz.
ОКҚ-да өткен брифингте Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы мемлекеттік органдар люкс активтерді тегін алатынын, бірақ бұл тек бір жағдайда – егер көліктер сауда-саттықта сатылмаса жүзеге асырылатынын айтты.
"Бұл шара бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қарастырылған. Жаңа автокөліктер сатып алғанша, оларды тәркіленген мүлік есебінен алған тиімді. Нормативтік құқықтық актілерде құқық қорғау және мемлекеттік органдардың мұндай құқығы бекітілген. Сондықтан бұл құқықты неге пайдаланбасқа", - деді Нұрмахан Әділбеков.