Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру барысы және аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жиында өңірде экологиялық бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Аманбекқызы баяндама жасады. Мәліметке сәйкес биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шараларға 60 мыңнан астам адам қатысып, 21 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 6 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Сонымен қатар сенбіліктер, экологиялық фестивальдер мен өңіраралық форум ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған 85 іс-шара жоспары бекітілді.
Экологиялық цифрландыру шеңберінде TazaQazBot жүйесі арқылы өтінімдер қабылданып, олардың басым бөлігі орындалғаны айтылды. Сонымен бірге заңсыз қоқыс орындарын жою және табиғи аумақтарды қорғау жұмыстары жалғасуда.
Жиында экология саласындағы жұмыстар да қаралды. Экология департаментінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында өңірде ластаушы заттар шығарындылары біртіндеп азайып келеді: I санаттағы кәсіпорындар бойынша көрсеткіш 147,9 мың тоннадан 100,4 мың тоннаға дейін төмендеген. Сондай-ақ ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған рұқсатсыз қоқыс орындарын жою деңгейі 96%-ға жетіп, заңсыз қалдық төгу фактілерін азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Күн тәртібінде сондай-ақ тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесі қаралды. Бұл бағытта Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали баяндама жасады. Облыста 601 ескерткіш мемлекеттік қорғауда, 833 нысан алдын ала есепке алынған. Кейінгі жылдары жаңа ескерткіштер анықталып, тізім толықтырылуда.
Ескерткіштерді қорғау бағытында қорғау аймақтары бекітіліп, бірқатар нысандарға қоршау мен қорғау тақталары орнатылған. Биыл 5 ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмыстары басталып, тамыз айында аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар археологиялық зерттеулер мен қазба жұмыстары жалғасып, ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жиында ескерткіштерді күзету мен бақылауды күшейту, қараушылар санын арттыру қажеттілігі де айтылды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармаларға «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды, экологиялық бақылауды күшейтуді және тарихи-мәдени мұраны сақтау шараларын күшейтуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі