Әйелдер мен балаларды қорғау: Алматыда өзекті мәселелер бойынша кездесу өтті
Алматы қаласында Полиция департаменті басшылығы мен қоғам белсенділері арасында кездесу өтіп, қоғамдық қауіпсіздік, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Фото: gov.kz
Кездесу барысында Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов азаматтық қоғам өкілдерінің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және киберқылмыспен күрес полиция қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
«Департамент тарапынан кешенді профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде анықтау және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Әсіресе жастар мен аға буын өкілдерін ақпараттандыруға баса назар аударылуда», – деді Айдын Қабдулдинов.
Полиция басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тиімділігі қоғаммен тығыз өзара іс-қимылға байланысты екенін атап өтті.
Кездесу барысында қоғам белсенділері өзекті мәселелерді көтеріп, қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру және интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Жиын қорытындысы бойынша полиция өкілдері айтылған ұсыныстардың барлығы зерделеніп, алдағы жұмыстарда ескерілетінін жеткізді. Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал етеді.