Астанада баланың өліміне себепкер болды деп айыпталған анестезиолог дәрігерге қатысты үкім шықты, деп хабрлайды қалалық сот.
2024 жылы 25 шілдеде кәмелетке толмаған бала "созылмалы полипозды полисинусит" диагнозымен жоспарлы түрде аурухананың оториноларингология бөліміне жатқызылған. Жүргізілген тексеруден кейін оған жоспарлы операция тағайындалған.
"29 шілдеде "екі жақты эндоскопиялық синусотомия, жалпы ингаляциялық анестезиямен және өкпені инвазивті желдету арқылы" жүргізілген операция барысында анестезиолог тарапынан медициналық көмекті көрсету кезінде кемшілікке жол берілген", - дейді сот.
Эндотрахеалдық интубациялық түтіктің герметикалығының бұзылуы салдарынан қан тыныс алу жолдарына тарап кеткен. Салдарынан науқас баланың сырқаты асқынып, көз жұмған.
Алайда сотталушы кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған. Ал жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза кесуді талап етті.
"Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 3 жыл мерзімге медициналық көмек көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы кесілді. "Қазақстан Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы" заңның 2-бабы 1-тармағына сәйкес мұндай қылмыс жасаған адамдар негізгі жазадан босатылады. Осыған байланысты сотталушы бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден босатылды", - деп түсіндірді Астана соты. Ол қосымша жазаны өтеуге міндеттелді.