Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Қазақстан мен Қытай сыртқы саяси ведомстволары мәңгілік стратегиялық әріптестікті тереңдету бағыттарын айқындады

2025 жылғы 28 қазанда Қытай тарапының шақыруы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасына ресми сапар жасады, деп жазады Paryz.kz.

Қазақстан мен Қытай сыртқы саяси ведомстволары мәңгілік стратегиялық әріптестікті тереңдету бағыттарын айқындады
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Сапар барысында министр Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізді.

Ермек Көшербаев қытайлық әріптесін Қытай Халық Республикасының құрылғанына 76 жыл толуымен және Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің ХХ шақырылымдағы төртінші пленумының сәтті аяқталуымен шынайы құттықтады.

Кездесуде тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін қарастырып, мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісімдердің жүзеге асу барысын жан-жақты саралады. Әсіресе сауда-экономикалық қатынастарды күшейту, энергетика мен көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілету, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы серіктестікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сыртқы істер ведомстволарының басшылары тату көршілік, өзара сенім және өзара тиімді әріптестік қағидаттары негізінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Екі тарап та стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге және оны нақты мазмұнмен толықтыруға дайын екендерін жеткізді.

«Қазақстан мен Қытай көшбасшылары арасындағы достық байланыстар екі ел арасындағы өзара қатынастардың тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырады. Биыл өткен өзара сапарлар мен кездесулер қазақ-қытай ынтымақтастығын бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге шығарды», — деді Ермек Көшербаев.

Өз кезегінде Ван И:
«Қазақстан – өңірдегі сенімді әрі маңызды стратегиялық серіктесіміз. Біз екі ел халқының игілігі үшін өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға және нығайтуға әзірміз», — деп атап өтті.

Тараптар екіжақты байланыстардың жоғары қарқынын және мазмұнды дамуын қанағаттанушылықпен атап өтіп, алдағы сапарлар мен жоспарланған шаралар кестесіне сәйкес ведомствоаралық және аймақаралық өзара іс-қимылды жандандыру бойынша жаңа міндеттерді белгіледі.

Кездесу соңында тараптар сыртқы саяси құрылымдар арасындағы үйлестіруді жалғастыруға, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі және «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы көпжақты серіктестікті күшейтуге дайындықтарын растады.