"Ақтөбе – Алматы" және "Қызылорда – Семей" бағыттарындағы пойыздарда Starlink спутниктік интернеті іске қосылады, деп хабарлайды "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Paryz.kz.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ өз пойыздарында цифрлық технологияларды дамытуды жалғастыруда. Алдағы айларда №33/34 "Ақтөбе – Алматы" және №21/22 "Қызылорда – Семей" бағыттарындағы пойыздарда Starlink технологиясы арқылы интернет қолжетімді болады", - делінген хабарламада.
Компанияның мәліметінше, жаңа буындағы "Астана – Бурабай курорты" бағыты бойынша жүретін №888/887 Burabay Express электропойызында Starlink технологиясы іске қосылып, жолаушылар алғаш рет жол үстінде интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болған. Бұл –жылдамдығы 250 Мбит/с-тан асатын жоғары жылдамдықты интернеті бар алғашқы жүрдек электропойыз.
Пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері бұл қызметтің жоғары сұранысқа ие екенін көрсеткен. Жолаушылар ойын-сауық контентін көру, мессенджерлер арқылы байланысу, сапар барысында қашықтан жұмыс істеу, сондай-ақ онлайн-табло, мультимедиялық жүйе және қолма-қол ақшасыз төлем қызметі сияқты қосымша сервистерді пайдалана алады.