Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Қазақстанда ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында ЛГБТ насихатына заңмен шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстанда ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салынуы мүмкін
Фото: parlam.kz

«Үкіметтік емес ұйымдардың жасаған зерттеуіне күмән келтіруге болмайды деп ойлаймын. Себебі сарапшылар зерттеулерін арнайы комиссияға келіп айтты. Шынында бізде ЛГБТ өкілдерінің насихаты бар екені рас. Оны өзіміз де көріп отырмыз. Әсіресе әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейді. Өздерінің сол қауымдастықтың өкілі екенін ашық түрде жариялап, үгіт жұмыстарын жүргізіп отыр», - деді депутат. 

Оның айтуынша, ЛГБТ өкілдері акциялар да ұйымдастырып жүр.

«Егер жеке басыңыздың мәселесі болса, түсінемін. Оны қоғамға жария етпей, өз бағытыңызда жүруіңіз керек деп ойлаймын. Ал енді сол қауымдастықтың (ЛГБТ – ред.) өкілі екеніңізді, сондай бағытта жүргеніңізді БАҚ немесе әлеуметтік желіні пайдаланып жариялау үгіт-насихат деп есептеймін. Бұл бірінші кезекті өскелең ұрпаққа әсерін тигізеді. Адамдар өзінің бағытынан айырылып, кім екенінен шатасады», - деп санайды Еділ Жаңбыршин. 

Мәжіліс депутатының айтуына қарағанда, халықаралық зерттеулер ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің суицидке баратыны және психологиялық күйзеліске жиі ұшырайтынын көрсетіп отыр. 

«Біз насихатқа қарсымыз және оны заңмен бекіту керек деп санаймыз», - деп айтты Еділ Жаңбыршин кулуарда. 

Депутаттар ЛГБТ насихатын ашық түрде жариялауға заң аясында шектеу енгізбек. Жаңбыршиннің сөзінше, депутаттар заңгерлермен бірге заңға тиісті нормалар қарастырып жатыр.