Астана–Петропавл тасжолының 277-шақырымында, Көкшетау мен Щучинск арасындағы аумақта Kia K5 және Volkswagen Passat көліктері жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бұл туралы Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, Volkswagen Passat жүргізушісі мен жолаушыларының бірі оқиға орнында көз жұмған.
«Kia K5 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деді ПД.
Құқық қорғау органдары мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтауды, әсіресе қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде аса мұқият болуды және көліктің техникалық жағдайына үнемі назар аударуды ескертеді.