Қазақстан Республикасының Үкіметі заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға (құмар ойындарға тәуелділік) қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткені белгілі, деп хабарлайды paryz.kz
Бұл жоспар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйектегі Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы мен 2024 жылғы наурыздағы Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына сәйкес әзірленді. Жоспар төрт негізгі бағыт бойынша 44 іс-шараны қамтиды және құмар ойындарға қатысушылар санын азайтуға, заңсыз ойын бизнесін жоюға және халықтың әлеуметтік сауатын арттыруға бағытталған. Бұл мақалада жоспар аясында іске асырылған және жоспарланып жатқан негізгі шаралар қарастырылады.
Кешенді жоспардың мақсаттары
Құмар ойындарға қатысушылар санын азайту:
2024-2026 жылдары құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санын 350 000-нан 201 600-ге дейін төмендету:
2024 жылы – 35 000 (10%);
2025 жылы – 63 000 (20%);
2026 жылы – 50 400 (20%).
Заңсыз сайттарды бұғаттау
Интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4500-ден 7722-ге дейін ұлғайту:
2024 жылы – 450 сайт (10%);
2025 жылы – 990 сайт (20%);
2026 жылы – 1782 сайт (30%).
Қазіргі уақытта аталмыш жоспар негізінде біршама заңнамалық өзгерістер жасалды.
Атап айтар болсақ:
Жарнамалық шектеулер
2024 жылы қабылданған заңға сәйкес, букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасына қатаң шектеулер енгізілді. Үйлердің қасбеттерінде, көлік құралдарында, интернет-ресурстарда, телеарналарда, радиода, мерзімді басылымдарда және SMS-хабарламаларда жарнамаға толық тыйым салынды. Бұл шара заңсыз ойын бизнесінің таралуын шектеуге бағытталған.
Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді
Интернет-казино ұйымдастырғаны және заңсыз ойын бизнесі үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Заңнаманы бұзғаны үшін жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.
Шетелдік ойын бизнесіне шектеу
Туризм және спорт министрлігі шетелдік заңсыз ойын бизнесі субъектілерінің тізімін жүргізеді. Банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынды.
Технологиялық және бақылау шаралары күшейтіліп, биометрикалық идентификация ісі қолға алынды. Яғни букмекерлік кеңселер мен тотализаторларда бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өтуі міндеттелді. Бұл шара үшінші тұлғалардың банктік карталарын пайдалануға шектеу қойып отыр.
Техникалық интеграция
Ойын бизнесі субъектілерінің аппараттық-бағдарламалық кешендері Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялануы тиіс.
Интернет-казиноға тыйым салынды
Заңсыз интернет-казинолардың қызметіне тыйым салу және олардың төлемдерін шектеу шаралары енгізілді.
Халықтың сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық кампаниялар жүргізіліп жатыр. Лудоманияның зияны туралы халықты хабардар ету үшін бес деректі фильм, 50 радиобағдарлама және 20 бейнеролик шығарылды.
Жастарға білім беру
Жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар арасында құмар ойындардың теріс салдары туралы ақпараттық шаралар ұйымдастырылады. Мектептерде қаржылық сауаттылық курстары енгізілуде.
Діни қауымдармен жұмыс
Діни қызметшілер арқылы құмар ойындардың зияны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Интерактивті қолдау
Лудоманиямен ауыратын азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін онлайн-чат және сенім телефоны бар интерактивті сайт іске қосылады.
Әлеуметтік шаралар қолға алынып жатыр
2024 жылғы наурыздан бастап азаматтар eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысудан 6 айдан 12 айға дейін ерікті түрде шектеу қоя алады. Бұл қызметті 110 мыңнан астам адам пайдаланды.
Психологиялық қолдау
Клиникалық психологтарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайтылды.
Мемлекеттік қызметшілерді оқыту
Лудоманияның алдын алу бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру шаралары ұйымдастырылады.
Қоғамдық бақылау және кеңес құру
Туризм және спорт министрлігі жанынан ойын бизнесі субъектілері, дәрігерлер, психологтар және бағдарламашылардың қатысуымен «жауапты ойын» қағидаттарын ілгерілету жөнінде кеңес құрылды.
Азаматтардың белсенділігі
Заңсыз ойын автоматтары туралы ақпарат беру үшін сенім телефоны (+7 (7252) 77-14-48) жұмыс істейді.
Сондай-ақ әлеуметтік зерттеулер қолға алына бастады. Құмар ойындар мен бәс тігудің себептері мен ауқымын анықтау үшін республикалық әлеуметтік зерттеу жүргізілуде. Бұл зерттеу лудоманияның таралуын және оның әлеуметтік салдарын бағалауға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.