Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Перизат Қайратқа қатысты істі қарау тәртібін жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бүгін алдын ала тыңдау кезінде Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева сот отырыстарына бұқаралық ақпарат құралдарын кіргізбеуге өтініш жасады.
Судья бұл өтінішті ішінара қанағаттандырды. Сот отырыстары ашық өтеді. Бірақ бірқатар шектеу болады. Атап айтқанда, жеке мәліметтер, соның ішінде банк құпиясына жататын деректер ашық айтылмайды.
Сондай-ақ Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаевадан алынған жауап көрсетілмейді.
"БАҚ өкілдеріне сот процесіне қатысуға және айыпталушылардың фото және бейне бейнелерін түсіруге қарсы болған жағдайлардан басқа видео-фототүсірілім жасауға рұқсат берілді. Осыған орай, жәбірленушілердің құпия және банк құпиясын құрайтын мәліметтерін сақтау мақсатында айыпталушылардан жауап алу және осындай мәліметтерді қарау жабық сот отырысында өтетін болды", - делінген ресми хабарламада.
Перизат Қайраттың ісі бойынша негізгі сот отырысы 14 шілдеге белгіленді.
Айта кетері, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Ол қайырымдылықтың негізгі бөлігіне қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алған. Күдікті алаяқтық жолмен 3,5 млрд теңгені жымқырған. Ал оның анасы ақшаны шығаруға көмектескен.