Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері 2025 жылдың алғашқы бес айында оң серпін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Paryz.kz
Қала әкімдігінің экономика басқармасы ұсынған мәліметке сай, қаңтар-мамыр айлары аралығында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,5%-ды құраған. Бұл – мегаполистегі барлық негізгі экономикалық салаларда, яғни өндіріс, қызмет көрсету, құрылыс, көлік, сауда және басқа да секторларда іскерлік белсенділік жоғары екенін дәлелдейді. Сарапшылардың айтуынша, бұл қарқын қалада іске асырылып жатқан кешенді даму бағдарламалары мен бизнеске жасалған қолайлы жағдайлардың нәтижесі.
Сонымен қатар бұл экономикалық өсімге соңғы жылдары кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау, инвестициялық ахуалдың жақсаруы және инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі жүзеге асырылуы тың серпін беріп келеді.
Ресми деректерге сәйкес, жалпы өнеркәсіптік өндіріс индексі 114,1%-ды құрап, саланың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 16,2%-ға артқан. Мұнда жергілікті өнімге деген шкі сұраныстың ұлғаюы, жаңа технологияларды енгізу де өсімге оң ықпал етті дейді сала мамандары.
Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді
Қаланың құрылыс секторы тұрақты өсім траекториясын сақтап отыр. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 24%-ға өскен. 1,1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға жоғары. Бой көтерген жаңа үйлердің негізгі бөлігін көпқабатты тұрғын үй кешендері құрайды, яғни 20%-ға артқан.
Бұл урбанизация процесінің жеделдеуі мен халық санының өсуіне байланысты тұрғын үйге деген сұраныстың жоғары екенін айғақтайды.
Құрылыс саласының белсенді дамуы жұмыс орындарының артуына, инфрақұрылымдық жобалардың жедел жүруіне және қаланың әлеуметтік-экономикалық келбетін жаңартуға сеп болып отыр.
Сауда секторында тұрақты өсім бар
Сауда саласында оң динамика қалыптасты. Қала экономикасының маңызды құрамдас бөліктерінің бірі саналатын бұл секторда жалпы өсім 4,4%-ды құрады. Мәселен, бөлшек сауда көлемі 7,9%-ға артты. Бұл көрсеткіш тұтынушылық сұраныстың жоғары екенін, халықтың сатып алу қабілетінің біршама тұрақты екенін көрсетеді. Сонымен қатар көтерме сауда көлемі де 3%-ға ұлғайған. Бұл бағытта негізінен азық-түлік, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен өнеркәсіптік өнімдердің жеткізілу көлемі кеңейді. Көтерме сауданың өсуі – кәсіпкерлер мен дистрибьюторлар арасындағы тұрақты іскерлік байланыстың нәтижесі.
Көлік және коммуникация салаларына сұраныс 24,4%-ға артқан
Қаладағы көлік және логистика инфрақұрылымы да белсенділік танытты. Жүк тасымалы, логистикалық қызметтер мен қойма инфрақұрылымына деген сұраныс айтарлықтай өсіп, 24,4%-ға артып отыр. Қаладағы ішкі және транзиттік жүк ағындарының көбеюі – экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші.
Айта кетейік, телекоммуникациялық қызметтер саласының, яғни интернет пен мобильді байланыс сапасының жақсаруы 3,3%-ға артқан. Ал инвестициялық белсенділік бұрынғыдан да жоғары деңгейге көтерілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 28,2%-ға көбейіп, 714,4 миллиард теңгеге жетті. Бұл – қала экономикасына құйылып жатқан қаржы ағынының тұрақты екенін көрсетеді. Аталған соманың 557,5 миллиард теңгесі – жекеменшік инвесторлардың үлесінде.
Аталған көрсеткіштер Алматы – ел экономикасының локомотиві саналатын ірі мегаполис ретінде өзінің стратегиялық әлеуетін сақтап қалумен қатар, жаңа даму бағыттарына да бет бұрғанын көрсетіп отыр.