Алматы қаласының Полиция департаменті кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарынан халықаралық байқауға қатысу сылтауымен ақша жинау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды paryz.kz.
Полиция мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың желтоқсан айында жарияланған іс-шараның ұйымдастырушысы шетелде өтеді деген байқауға қатысуды ұсынып, ата-аналардан қаржы жинаған.
Алайда байқау өткізілмеген, балалар шетелге шықпаған және қаржы қайтарылмаған.
- Қазіргі таңда елдің бірнеше өңірінен азаматтардан арыздар тіркелді. Материалдық шығын көлемі анықталу үстінде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары балалардың сапарына қатысты келісім жасағанда қырағылық танытуға және қандай да бір ұсыныстың заңдылығына күмән туындаған жағдайда полицияға жүгінуге шақырды.