Алматы облысында кәуап пісіретін темір істікті сыныптасының жүрегіне тығып өлтірген жасөспірім сол кеште удай мас болған, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі КТК-ға сілтеме жасап.
Мектеп бітіру күнін Долан ауылында коттедж жалдап тойлаған түлектерге ересектерден ешкім бас-көз болмаған. Бейресми деректерге сай, оларға коттеджді экс-прокурор жалға берген.
Бұрынғы шенеунік көше бойындағы бірнеше үйді сатып алған және осылай жалға беріп тұрады екен. Сол күні күдікті ішімдік ішіп, кәуап пісіруге арналған шампурды әрі-бері сермеген.
Марқұм Әліби Қадырдың әжесі Айдаркүл Қыдырованың сөзінше, Әліби қыздардың бірін қорғап, ашулы жігітті сабырға шақырмақ болған. Сол кезде қатарласы қолындағы темірді жүрегіне қадап, қайта суырып алған. Түлектер дереу жедел-жәрдем шақырған, бірақ бала медицина қызметкерлері келгенше жан тапсырған.
«Мұны мектеп әкімшілігі де, сынып жетекшісі де білмейді. Ата-аналарына жиналыс өткіздік, олар «балаларды ешқайда жібермейміз, ешқайда бармайды» деп қолхат жазып берді. Сол күні кеште «үйде отыр» деп те айтты», - деді мектеп директоры Перизат Әбдібаева.
Қазіргі сәтте сыныптасын өлтірген күдікті қамауға алынған. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 17 жастағы Әліби Қадыр үйінің жалғыз ұлы, ол мектеп бітірген соң, әскери оқуға баруды жоспарлап отырған.